Басты жаңалықтарСу тасқыны

Ойдағы ел оңалады

Ойдағы елдің жайын білмек болып жолға шықтық. Ойылға Ақтөбеден Шұбарқұдық кенті арқылы жеттік. Ал айналма жолмен барғандықтан, жол ақысына 1000 теңге қосылып, 3500 теңге болыпты.Оның өзінде бергі жағаға көліктерін қойып, әрі қарай қайықпен өтеді.

Қатынас қалыпқа келсе…

Судың беті қайтқанымен, бірнеше жылға татитын зардабын қалдырып кетті. Есеңгіреп қалған жұрт есін енді жинап жатыр. Қираған үйлер, өлген мал, бұзылған жол… Біз көрген жайт — осындай. Ауданға барған сапарымызда алдымен жолдың жайын, қатынас қашан болатынын білмекке көпір маңындағы ірі техникаларға жақындадық. Көпірге жетпей, өткен жылы ғана орташа жөндеу жүргізілген жолды нөпір су жарып кеткен. Қазір сол жерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс нысанының басында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр жүр.

Бір аптадан бері жолды уақытша болса да қалыпқа келтіріп, қатынасты реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Басқарма басшысының айтуынша, мамандар күндіз-түні бел шешпей жұмыс істеп, жарылған жерлерді бітеп жатыр. Бірақ жұмыстың үлкені — көпір салу мәселесі.

Ең алдымен, арғы беттегі 16 мың халықтыңбергі бетпен қатынасын шешуіміз керек. Жігіттер жолды бітеу үшін тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді. Қазір тұрғындар жылжымалы әскери пантон арқылы өтіп жатыр. Ал кіреберістегі көпірдің бір тіреуі 1,5 метрге төмен түсіп кеткен. Онымен техника өткізу өте қауіпті. Сондықтан алдымен жаяу тұрғындар өтетін көпір жасаймыз. Техника өтетін көпірді де ойластырып жатырмыз. Көпір салу жұмыстары 1-2 айсыз бітпейді. Көпірдің құрылысын зерттеуге арнайы мамандар, ғылым кандидаттары келді. Қазіргі уақытта мердігер компанияны тауып қойдық. Қазір құрылыс жобасы жан-жақты тексеріліп жатыр. Өйткені 1980 жылдары салынған көпірдің барлық тіреуі тозған болуы мүмкін. Тағы бір айта кететін мәселе —  ол кезде көпірдің қуаттылығы қазіргідей 40 тонналық жүк көліктеріне арналмаған болатын. Ұзындығы 227 метр көпірді қалпына келтіруге екі мүмкіндік бар: қосымша құрылыстар жүргізіп, тіреулері мен белдеулерін нығайту немесе түгелімен ауыстырып, жаңа көпір салу. Шешімі бір аптадан соң белгілі болады. Саралжын көпірін де сең соғып, жарамсыз етті. Оның да құрылыс жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Қазіргі таңда облыстағы су шайған жолдарды қалыпына келтіруге 10 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр, — дейді басқарма басшысы Айбек Қайыр.

Ойыл ауданындағы жол қатынасын қалпына келтіру жұмыстарына 15 «Шахман» жүк көлігімен жақын жерден саз тасып, су жарған жерлерді бітеп жатыр. Одан басқа амал жоқ. Бір айта кетерлігі, облыс бойынша жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстарға жергілікті компаниялар арнайы техникаларын тегін берген. Жолшылар далада киіз үйде түнейді. Облыс бойынша биылға  жоспарланған басқа нысандардыңқұрылысыкешеуілдеуі немесе келесі жылға қалдырылуы мүмкін. Себебі төтенше жағдайларға байланысты бар күш су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жұмылдырылып жатыр. Мысалы құрылыс компанияларының дені техникаларын жан-жаққа көмекке жіберіп, жұмыстарын тоқтатып отырған көрінеді.

Өткен жылы құны 3 миллард теңгеге салынған ұзындығы 21 шақырым Ойыл-Қаратал жолын су шайып, біраз жері бүлінген. Дегенмен Қаратал ауылына жол бар. Кей жерлерде тасқын су асфальттың беткі қабатын 1,2 метрге ысырып тастаған.

Екпеталға қарасты 17 түтіні бар Жаңабаз ауылында жалғыз-ақ үй құламай қалған. Тұрғындар оны ағаштан салынғандықтан аман қалды дейді. Бұл елді мекенге былтыр көгілдір отын кіргізіліп, барлығы үйлерін кеңейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Еңбектері зая кеткен Жаңабаз ауылының тұрғындары құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін несие алған.

Менің 100-ден аса қойым,13 ірі қара малым суға ағып кетті. Жалпы ауыл бойынша 700-ге тарта қой, 200-дей ірі қарадай шығын бар. Малымыз аман қалады деп ойладық. Бірақ су лап еткенде, жолға қарай қашып шықтық. Ұсақжандықтар көз алдымызда суға ағып бара жатты, — дейді ауыл тұрғыны Асылбек Рысжан.

Тағы бір өкініштісі, осы ауылда орналасқан шаруа қожалығының 500 қойы қораның ішінде қалған.

Екпетал мен Жаңабаз ауылында өлген малдарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық ветеринарлық инспектор Ермек Мекеевтің айтуынша, өлген малдар арнайы орынға тасылып жатыр.

Қараталдағы қарбалас

Қаратал ауылының тұрғындары ауылына қайта оралғанымен, үйлеріне түней алмай жүр. Себебі үйлердің дені апаттық жағдайда тұр. Құламағанның өзінде іші әлі кепкен жоқ. Жергілікті тұрғындар сыз бен ылғалдан суық тию қаупі жоғары екенін айтады. Қазіргі таңда тұрғындардың бір бөлігі аудан орталығындағы ағайындарының үйін жағалап жүрсе, бір бөлігі эвакуциялық пунктте жатыр.

Қараталдықтар мол судың келе жатқанынан хабардар болғанымен, ауыл шетіндегі жағалай салынған дамбыдан асады деп мүлде ойламаған. Өткен жылы көктемде нөпір су ауылдың іргесіне дейін келіп, біраз әбіргерге салған-ды. Содан кейін дамбыны 2 метрге жуық биіктетіп, барлық жерді бітеп, қарқынды құрылыс жұмыстары жүрген. Бірақ биылғы су одан асып кетіп,түс мезгілінде ауылға лап қойған.

Ауылды түгел су басқанда тұрғындарды мектепке жеткізуге ауыл жастары көмектескен.

Сол уақытта трактордан басқа ештеңе жүрмейді. Бір көшеге өте бергенімізде трактор шұңқырға түсіп кетті. Күнде жүргендіктен ол жерде мұндай шұңқырдың жоқ екенін білеміз. Ақыры жүзіп шығуға тура келді. Артынан су кеткеннен кейін қарасақ, қатты жүрген ағыс  салдарынан сол жерде 2 метрге жуық ойық пайда болыпты,  — дейді ауыл жастарының бірі.

Сол бір қатынас үзілген күндерде ауылда жалғыз-ақ қайық болыпты.

Қараталда іргетасы биіктеу салынған бір-екі  үйге су кірмеген.  Әлібек Жауынбаевтың үйіне басында 40 адам орналасыпты. Әлі де 20 шақты адам бар. Дастарқан жиналмайды. Үй иелерінің ықыласына ауылдастары алғысын айтып, ризашылығын білдіруде. Азық-түлік пен киім-кешек мектепте толып тұр. Тұрғындар керегін сол жерден табады. Гуманитарлық көмек арқылы келген азық-түліктерді орналастыру, ас дайындау жұмыстарын тұрғындар өздері бөлісіп алған.

Тамақ пен киімнен тапшылық көрген жоқпыз. Бар тілегіміз баспанамыз болса дейміз. Комиссия тексеріп кетті. Өлген малдың да санын алды. Енді тек күту ғана қалды. Әзірге үйіміздің ішіндегі заттарды сыртқа шығарып, кептіріп жатырмыз. Бұзуға да болмайды. Ауылда 250-ден астам үй бар. Мектеп те апаттық жағдайда. Мұнша құрылысты күзге дейін салып бітер ме екен? Біз осыған алаңдаймыз. Малдың да орны толар. Ең бірінші баспана мәселесі қинап тұр, — дейді Қаратал ауылының тұрғындары.

Жұрттың аузында «Осыдан кейін Қаратал ауылы жабылып қаламай ма?» деген алып-қашпа әңгімелер жүр. Бірақ қараталдықтар ауылдан кетпейтінін айтады. Себебі мектептен басқа барлық әлеуметтік нысандар жаңарып, газ кіріп, ең соңғы мәселе жол қатынасы да шешілген болатын.

Тұрғындар жаңадан салынатын бір үйдің құны 22 миллион теңге болатынында естіген. Ал жаңадан салынатын үйлердің аумағы 80 шаршы метрден аспайтынын да айтып отыр.

Осы сұрақты аудан әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбековке қойғанымызда мынадай жауап алдық:

Мен тұрғындардың нақты ресми ақпаратқа сенуін сұраймын. Комиссияжұмысы әлі жалғасып жатыр. Қазір бірдеңе айту қиын. Біржақты шешім шыққан жоқ. Бірақ Екпетал мен Жаңабаз ауылының тұрғындары түгелдей аудан орталығына көшіріледі. Ол жақта бірде-бір үй қалмайды. Оларға арнап аудан орталығынан үйлер салынады. Ал Қаратал ауылының тұрғындары өз үйлерінде қала ма, әлде аудан орталығына көше ме — өз еріктері. Біз бұл туралы әлі нақтылаймыз. Қазіргі таңда ифрақұрылым жеткізіліп тұрған 200-ден астам жер телімі бар. Ал бұрынғы атақоныстары мемлекетке қайтарыла ма, әлде өздерінің жайлауы немесе қыстауы болып қала ма — барлығы алдағы күндері комиссияның шешімімен анықталады. Біз қалай болғанда да халықпен ақылдасып отырамыз, — дейді аудан әкімінің орынбасары.

Қаратал ауылының кейбір тұрғындары «қаражатын берсе өзіміз-ақ салып аламыз» деп отыр. Бұл да жергілікті тұрғындармен бірге ойласатын шаруа.

Су тасқыны кезінде Ойыл ауданында 1452 адам эвакуцияланған. Қаратал ауылына кірген су одан әрі өтіп, Көптоғай ауылдық округіне қауіп төндірді. Судың жолындағы Амангелді ауылы дер кезінде қимылдап ауылды сақтап қалды. Ал округ орталығындағы көптоғайлықтар 3 күн,3 түн бойы күресті. Күштері сарқылған ауыл жігіттеріне аудан орталығынан 200-дей адам көмекке барды. Жұмылған күштің арқасында Көптоғай ауылдық округі тасқыннан аман қалды.

Тасқын кезінде 11 елді мекенде электр жарығы сөнген. Ауызсу 9 ауылда болмады. Кейбір елді мекендерде ұялы байланыс желісі қосылмады. Қазіргі таңда 9 елді мекенге генератор арқылы жарық қосылып, 9 ауылға ауызсу берілді. Қаратал мен Кемер ауылдарында су құбырын тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

Жерлестердің жәрдемі

Айналаны су басып, аудан орталығымен байланыс үзілгенде су ортасында қалған тұрғындар алдымен шағын қайықтар арқылы тасымалданды. Ойдағы елдің қиын жағдайда қалғаны алыс-жақын қалалардағы жерлестерді алаңдатты. Әрісі Алматы, Астана,берісі Ақтөбе қаласындағы ойылдықтар жиналып, ортақ ватсап-чат ашып жедел көмек беруге ұмтылды. Екпетал ауылынан шыққан қазір Алматы қаласында тұратын Жәрдем Ақбисенов бастаған жерлестер ортадан қаражат жиып, алғашқы көмекті бастап жіберді. Абыл Сатаев, Дарын Атамбаев, Нұрлан Өмірбаев бастаған азаматтар қолдап, «Ойылға жәрдем» атты топ құрып, бұл жұмысты шұғыл әрі тиянақты ұйымдастыра білді. Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, киім-кешектен бөлек,суға киетін арнайы киімдер, гигиеналық заттар және жанар-жағармай  бар. Арал қаласынан чатта жиналған қаржыға 3 миллион теңгеге моторлы қайық сатып алынып, Ойылға жіберілді. Ақтөбе облысына еліміздің басқа өңірлерінен гуманитарлық көмектер көптеп келе бастады. Бұл көмектердің көбі «арғы бетте» қалған Ойыл ауданына арналды.

Бұл жұмысқа отбасымен бірге бастан-аяқ қатысып, әр жақтан келген барлық тауарды тиеп, Ойылғажеткізіп отырған Жанкелді Дүйсеғалиевтың айтуынша, халық ауызбірлігін көрсетіпті.

Мемлекеттен берілетін көмекті күтіп отырмай, сын сағатта Ойыл халқына жедел қол созуды ойладық. Жұрттан әкелген заттарды бір жерге жинап, оны тікұшаққа жеткізу керек. Осы кезде жағдайды түсініп, Ақтөбе қаласындағы «Орда» сауда үйінің басшысыАйдарбек Айтазин 2 дүңгіршекті босатып берді. Оның біріне киім-кешек пен біріне азық-түлік жиналды. Он күн бойы жерлестер сол жерге гуманитарлық көмектерін тасыды. Тек ойылдықтар емес, өзге аудандардан да азаматтар келіп, тауарларын тапсырып кетті. Алғашқы күннен бастап оншақты «Газельге» тиелген азық-түлік жібердік. Саралжын ауылының 1972 жылы туған жігіттері 2 тонна жанар-жағармай алып берді. Мұның бәрі — көппен бітетін іс. Сын сағатта біріге білген жерлестеріме алғысымды айтамын, — дейді Жанкелді Дүйсеғалиев.

Сол сағаттарда «Евразия» банкінің облыстық бөлімшелерінің қызметкерлері кеңсе тауарларын әкелген.

Ойыл ауданына Жетісай қаласынан жүк көлігімен гуманитарлық көмек, Түркістан облысы Келес ауданынан 1 «КамАЗ» тауар, Қазығұрт ауданынан 10 «Альфард» көлігімен көмектер жеткен. Ал белгілі блогер Ырысбала Икрамбайдың өзі жүріп тиеп жіберген заттары Ойылға жеткенін ел көріп сүйсінді. Жеке адамдардың көмектері тіпті көп. Кәсіпкерлер өз отбасының атынан көмек қолдарын созса, «Газель» көлігі жүргізушілері де тегін тасымал қызметін ұсынған.

Табиғаттың тосын мінезіне тап болған туған жердегі жағдайға шыдап отыра алмаған ойылдықтар жолдың жайсыздығына қарамастан атқа мінген. Солардың бірі — Алматы қаласында тұратын Жәрдем Ақбисенов.

Екпетал — менің туған ауылым. Қарашаңырақ та осында еді. Су келе бастағанда ауылдас інілерімнен телефон арқылы хабарласып отырдым. Ауылдастар ауылды қоршаған дамбаларды биіктетіп, көтеріп, бар амалды жасап баққан. Бірақ түнде «ауыл түгел суға кетті» деген хабар алдым. Түнімен ұйқы болмады. Ертеңіне құлаған үйлердің суреттері келе бастады. Түске таман аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа телефон шалып, жағдайды сұрағанда ауыл қиын жағдайға тап болғанын айтты. Ақыры шыдай алмай туған жерге барып едім, әр жерге орналасқан ауылдастарым қарсы алды. Бар жиған-тергені суға ағып кеткесін кім шыдасын. Оның үстіне газ кіріп, үйлерін жаңартып, жиһаз алғандар бар. Бір ауылдасым 13 миллион теңге несие алған. Осының бәрі жаныма батты. Бұл — табиғи апат. Бұл — еліміздің барлық жерінде болып жатқан жағдай. Ендігі мақсат — еңсені көтеріп, алдағы күннің шаруасын ойлау. Екпеталдықтарға аудан орталығынан үй салып бергенімен, бұрынғы атақонысы өздерінде қалсын деген ұсынысымыз бар. Туған үйден айырылу оңай емес. Тіпті бау-бақша салып, мал басын көбейтіп, кәсіппен айналысуына мүмкіндік берсе деген ойдамыз, — дейді Жәрдем Ақбисенов.

Еріктілердің еңбегі

Облыс орталығынан келген затты арғы бетке шығарып, халыққа тарату да үлкен іс. Бұл жұмысты ойылдық белсенділер мойнына алды. Абат Еңсегенов, Азамат Қамтиев секілді белсенділер бастаған азаматтар келген гуманитарлық көмектерді шашау шығармай, көмекке мұқтаж отбасыларға жеткізуді ұйымдастырған. Эвакуциялық пункттерде және тума-туыс, ағайындардың үйінде жатқан Қаратал, Екпетал, Көптоғай, Амангелді ауылдарының эвакуцияланған тұрғындарына жеткізіп отырды. Үйлерде жатқан отбасыларға әлеуметтік пакет дайындап, әр үйде жатқан адамдардың  тізімін алды. Келген тауарларды көліктен түсіріп, арғы жағаға шығару, тарату жұмыстарына ойылдық жастар белсеніп шыққан. Такси жүргізушілері адамдар мен тамақты тегін тасып, өз үлестерін қосты. Біз барғанда гуманитарлық көмекті Шұбарши елді мекенінен келген жігіттер түсіріп жатыр екен. Жағадағы жұмысты жайғастыруға әр ауылдан оншақты жігіт келіп көмек көрсетеді екен.

Ауылдың белсенді азаматтарына алғысымызды айтамыз. Эвакуацияда жатқан адамдарға жергілікті кәсіпкерлер мен жеке адамдар үйінен тамақ дайындап апарды. Әр жылғы туған жігіттер бірігіп түскі ас, кешкі ас ұйымдастырды. Әр мекеме ұжымы да тұрғындарды дәмге шақырып дастарқан жайды. Су тасқыны кезінде барлығы ауызбіршілік көрсетіп, күні-түні ұйықтамай қызмет етті,— дейді аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев.

Ойылдықтар жол жабылып, қатынас тоқтаған кезде тауар бағасын көтермеген «Көкжар» дүкенінің иесі Темірбек Жауынбаевқа дән риза.

Онлайн оқиды

Қараталдағы мектептің қабырғасы жарылған. Тұрғындар әр жерді паналап жүр. Оқушының сабағы не күйде? Көпті мазалайтын да осы сұрақ. Бір айдан соң оқу жылы аяқталады. Биылғы түлектер үшін сынақ тағы бар. Оқу үлгерімі төмендеп кетуі де мүмкін. Осы жайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруеновпен сөйлескенімізде оқу процесі дәстүрлі түрде жалғасып жатқанын айтты.

Ш.Берсиев атындағы орта мектептің 270 оқушы онлайн оқуға көшкен. Ал 54 оқушысы бар Екпетал мектеп-балабақшасының 1-4 сыныпта оқитын 28 баласы Ойыл аграрлық колледжінде дәстүрлі форматта оқытылып жатыр.

Осы екі мектептің 5-9 сыныпта оқитын 112 оқушысын Алматы, Жамбыл облыстарындағы және Қапшағай қаласындағы оқу-сауықтыру лагерьлеріне жібердік.Олар 3 апта бойы оқуларын сол жақта жалғастырады. Бұған облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 3 автобус берілді. Шығанақ Берсиев атындағы орта мектептің 11-сыныптағы 17 оқушысы  Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатына орналастырылды, олар сонда оқып жатыр. Суға кеткен ауылдардың оқушыларына мектеп формасын кию талап етілмейді. Оқу жылы басталмай тұрып облыстық білім басқармасымен келісіліп, 4 мың дана оқулық алынған болатын. Екпетал мектеп-балабақшасының 54 оқушысына жергілікті кәсіпкерлер  Дархан Қондыбаев, Берік Берекенов оқу құралдарын алып берген еді. Одан кейін Айзада Балмағамбетова аталған мектептің оқушыларына 59 мектеп формасын беріп жіберді. Осындай демеушілер арқылы Екпетал мектебінің оқушыларын 100 пайыз оқу құралдарымен қамтамасыз еткен болатынбыз. Темір ауданының Алтықарасу ауылының ерікті азаматтары  Шығанақ Берсиев атындағы орта мектептің бастауышта оқитын 113 оқушысына оқу құралдарын алып берді. Қазіргі таңда оқу процесінде ешқандай мәселе жоқ,—дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Аудан бойынша 187 білім қызметкерлерінің отбасы су тасқынынан зардап шеккен. Оларға демеушілер атынан әлеуметтік көмектер көрсетілген.

 P.S.Біз көрген Ойылдағы ахуал — осындай. Тұрғындардың ендігі үміті —   салынатын үйлер мен мал шығындарының өтемі. Үй ғана емес, дүкендер мен тойханалар, әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын да су басқан. Қазіргі таңда қабылдау комиссиясына 315 адамнан өтініш келіп түскен. Ал шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың мал шығыны әлі анықталып жатыр…

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ақтөбе-Ойыл-Қаратал-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button